БЛОГКЕМП. ЖАЗҒЫ МЕКТЕП МАҒАН НЕ БЕРДІ?
Кешеден бері ОҚО Біркөлік шатқалындағы «Айнабұлақ» демалыс орнында өткен Блогкемптің суреттері лентаны жаулап алды. Жұрттың бәрі табиғат баурайындағы көздің жауын алатын суреттерді тамашалағанмен, шын мәнісінде топырлаған қыз-жігіттер онда не тындырып жүр, кемп деген не деген сұрақтар тууы табиғи заңдылық. Мен өз шамам келгенше, өз көзқарасыммен жазып шығайын.
Алдымен Гугл қариядан ол сөздің мағынасын сұрадым. Ол кісінің айтуынша, «Блогкемп- блогерлердің өз қалауымен жиналып, бейресми кездесіп, тәжірибе алмасуы» (Блогкемп (от англ. BlogCamp) — это самосбор, баркэмп, «неконференция» по новым медиа, блогам, сервисам веб 2.0 и всем, что с этим связано) екен.
Мен блогер емеспін! Анда-санда шимай-шатпақтарымды Массагет және Бақ.кз сайттарына жариялап тұратыным болмаса, блог жазу, сайт жасау сияқты мәселелерде анау айтқан сауатым жоқ. Биылғы Блогкемп Шымкентте өтетінін естігенде #тәттішай жамағаты бір ауыздан қатысамыз деп шештік. Бұрын-соңды мұндай жиындарға қатысып көрген емеспін. Шыны керек ол күнді асыға күттім. Тиісті сайтқа тіркеліп, бағдарламасын көрген кезде уақыттың тезірек өткенін қаладым.
Көптен күткен күн де келді!!! Ең алдымен виртуалды өмірде достасып, түрлі әңгімелерді бірге талқылап жүрген достарымды прептиде көрдім. Тіпті менің достығымда жоқ, бұрын-соңды көрмеген жандармен де тез тіл табысып кеттік. Сенбі күні таңертең улап-шулап автобуспен «Біркөлік қайдасың» деп тартып отырдық. Бардық. Көздің жауын алатын керемет табиғат! Саф ауа! (негізгі айтайын деген ойымнан басқа жаққа ауып кеттім-ау деймін))).
Блогкемптің алғашқы күні негізінен спикерлерді тыңдауға арналды. Атап айтқанда, Нұрлан Жанай «Әлеуметтік желілер мен блогтұғырларды тиімді қолдану» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті. Әлеуметтік желілердің ішіндегі Инстаға дұрыс тіркелу, сауатты контент, жазылушыларды жинау жайлы айтты. Оның айтуынша, суретке түсуді жақсы көрмейтін және айналадағы сұлулықты байқай бермейтін жандар инста әлеміне кіріп жүйкесін тоздырмай-ақ, мәтінмен жұмыс жасайтын желілерде жүре бергендері дұрыс (мен сияқты)))). Және онда аваға барынша жұмбақтау, адамдарға қызығушылық тудыратын суреттерді қойған дұрыс екен. Нұрлан Жанай одан бөлек көптеген мәліметтермен бөлісті.
Ал Дінмұхамед Зияддин ағамыз «SMM: Күтпеген проблемалар және оларды шешу жолдары» жайлы жақсы мағлұматтар берді. Әсіресе, қандай да бір мекеменің, компанияның парақшасын жүргізетін адамдар өздеріне айтылған сындарды дұрыс қабылдап, сұрақтарына жауап беріп, кері байланыс жасап отырса жеткілікті. Ол адам парақшаның атынан отырып алып халықпен дебат жасағаны ДҰРЫС ЕМЕС! Сонымен қатар, SMM-шілерге қандай талаптар қойылатыны, олардың құқықтары мен жалақы мәселесі сөз болды. Димаш ағамның сөз саптауына, ойын еркін жеткізе алатынына риза болдым!
«Ақпараттық соғыс» тақырыбын Аршат Ораз аға өз дәрежесінде ашып түсіндіріп берді. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп, басындағы жағдай оқиға соңына қарай екінші жаққа ауытқып кетуінің мүмкіндігі мен оны сол жағдайға қандай жолмен жеткізуге болатынын ашық айтты. Кез келген уақытта әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратты салқынқандылықпен қабылдап, бірден оны талқыға салмай, аздаған уақыт күту қажеттігі айтылды.
«Журналистер мақала жазу барысында өз көзқарасы мен ұстанымын көрсетуге тиісті емес» деген Жалғас Ертай «Журналиске интернетте мақаланы қалай жазбау керек» екенін түсіндіріп берді. Оның айтуынша, журналист тек ақпарат беру керек және ақпараттық материалдарда әдеби сөзбен асыра көркемдеудің қажеті жоқ екен.
Интернеттің, оның ішінде ютубтың күшімен қалай ақша табуға болатынын Ұлықбек Әлиакбарұлы мейлінше толық ашып түсіндірді. Каналды сауатты ашу, оны безендіру, дұрыс видео салу жайы сөз болды.
Бірінші күннің негізгі әңгімесі солар болды. Негізгі ресми бөлім аяқталған соң нағыз демалыс басталды! Суға түсу, тауға шығу, гитарамен ән салу, бильярд ойнау, би кеші, суретке түсу! Бәрі де болды! Бір үйдің баласындай бір дастархан басында отырып тамақтанудың өзі қандай ғанибет!
Аршат Ораз ағаның айтуынша, Блогкемп бірінші рет болыпты. Алдыңғылары Блогқұрылтай екен))). Жалпы формат өте жақсы! Сауат арттыру+демалыс! Спикерлерді тыңдап та, демалып та үлгердік! Жалыққан, өкінген жоқпыз. Мейлінше еркін болдық. Қатып қалған тәртіп, ресмилік бола қойған жоқ. Өзіме қатты ұнады. Келесі жолы мүмкіндік болып тұрса мұндай кездесулерден қалмаймын деп шештім.
БЛОГКЕМП. ЖАЗҒЫ МЕКТЕП маған біріншіден, жаңа достар тауып берді. Екіншіден, ғаламтор әлемінетереңірек сүңгуіме мүмкіндік берді. Үшіншіден, есте қалатын әсерлі демалыс сыйлады!
Бәрінен де бұрын, сендермен танысқаныма қуаныштымын, ДОСТАР!